2 адамның жалақысына 600 млн теңге. Депутат "Барыстың" қалтасын қағып жатқан легионерлер мәселесіне тоқталды

Редактор Penalty.kz
13.11.2024, 12:38

Айдос Сарым қазақстандық спорттағы жалақы мәселесін көтерді.

2 адамның жалақысына 600 млн теңге. Депутат "Барыстың" қалтасын қағып жатқан легионерлер мәселесіне тоқталды
Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазақстандық спорттағы жалақы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, спортшылардың жалақысын олардың көрсеткішімен мүлдем салыстыруға келмейді. Мысал ретінде "Барыс" хоккей клубын келтірді. 

"Қазақстандық спорттағы ең басты мәселелердің бірі – қаражаттың тиімсіз жұмсалуы, әсіресе шетелдік спортшылардың еңбекақысын төлеу мәселесінде. Қазақстанға келетін легионерлер миллиондаған ақша табады. Алайда олардың көрсеткіші көңіл көншітпейді. «Барыс» хоккей клубын мысал ретінде алайық. 2023/2024 маусымында ойыншылардың алған жалақысы жаға ұстарлық. Канадалық хоккейшілер Эдвард Паскуале мен Алекс Грант сыйақыларды есептемегенде 323 және 288 миллион теңгеден алған. Бәрі – халықтың ақшасы", – деді Сарым Мәжілістің пленарлық отырысында. 

Депутат Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан үнемделген қаражат қайда жұмсалатынын сұрады.

"Бүгін талқыланған заң жобасында депутаттар шетелдік спортшыларды қаржыландыруға мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектор қаражатын пайдалануға тікелей тыйым салатын нормаларды енгізді. Бұл нормалар мақұлданып, қабылданды. Енді шетелдік спортшыларды шақырғысы келетін клубтар бұл қаражатты тек демеушілердің есебінен алуы тиіс. Ал үнемделген қаржы қайда жұмсалмақ?" - деп сұрады Айдос Сарым. 

Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, үнемделген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортына, интернаттарға, спорт мектептеріне, спорт резервін дамытуға, сондай-ақ, спорт нысандарын қайта жөндеуге және де қажетті жабдықтар алуға жұмсалады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 4
👎 0
😂 1
😡 0

Серіктес жаңалықтары

×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір