
Америкалық бокс аңызы Флойд Мэйвезер АҚШ Ұлттық футбол лигасының (NFL) төрт дүркін Супербоул иегері "Нью-Йорк Джайентс" командасының тең иесі атануға ниетті.
Мэйвезер басшылық ететін инвестициялық топ "Нью-Йорк Джайентс" клубының 10%-дық үлесін сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Боксшының бұл бастамасына оның сенімді серіктесі, танымал жылжымайтын мүлік магнаты Мейер Орбахқолдау көрсетуде. Оған қоса, бұл келісімге тағы бір ірі инвестордың қосылу ықтималдығы жоғары.
Флойд Мэйвезер мен оның командасы 700 миллион доллар көлемінде ұсыныс дайындауда. Оның 200 миллион доллары қазірдің өзінде төленгені белгілі болды.
Forbes мәліметтері бойынша 1925 жылы негізі қаланған және АҚШ спортындағы ең бай тарихқа ие клубтардың бірі саналатын "Нью-Йорк Джайентс" франшизасының қазіргі нарықтық құны 7,5 миллиард доллар шамасында.