3 жылдық азап: Интернат оқушылары спорт залында тамақтанып, оқу корпусында ұйықтауға мәжбүр
Мектеп-интернат 3 жылдан бері апатты жағдайда тұр.
Балалар үш жылдан бері апатты ғимаратта өмір сүруге мәжбүр
Алматы облысындағы И. Нүсіпбаева атындағы мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Асхана спорт залында, жатын орындар оқу корпусына орналастырылған, ал санитарлық-гигиеналық жағдайлар мүлдем қарастырылмаған. Бұл туралы Hola news телеграм арнасы хабарлады.
Жөндеу жұмыстары басталғанмен, аяқсыз қалған
Үш жыл бұрын басталған күрделі жөндеу жұмыстары мердігердің жауапсыздығынан аяқталмай, ғимарат апатты жағдайда қалып отыр. Бүгінде интернатта 170 бала тұрады, ең жасы 6-да.
Омбудсменнің араласуы және әкімдік шешімі
Балалардың жағдайын көру үшін демалыс күндері балалар омбудсмені Динара Закиева және "Дети под защитой" қорының басшысы интернатқа барды. Көрген жағдайларынан шошынған олар өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевке мәселені шұғыл шешу туралы өтініш білдірді.
Өз кезегінде Марат Сұлтанғазиев ғимаратты қайта жөндеу немесе жаңа нысан салу жоспарда екенін мәлімдеген. Бірақ балаларды уақытша басқа интернатқа көшіру мәселесін тек омбудсменнің осы іске араласуынан кейін ойлана бастаған.
Жақын арада тәрбиеленушілер жуырда жөндеуден өткен, барлық жағдай жасалған интернатқа көшірілетін болды.