Қазақстанның белгілі спортшысы, екі Олимпиадаға қатысқан гимнаст әрі қоғам белсендісі Әлия Юсупова «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Марапаттау салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, мұндай азаматтардың еңбегі мегаполистің әл-ауқаты мен оң имиджін қалыптастыратынын атап өткен.
Бұл шешім Әлия Юсупованың спортты дамытуға, жас таланттарды тәрбиелеуге, бұқаралық дене шынықтыруды насихаттауға қосқан ұзақ жылдық үлесін мойындау ретінде қабылданған.
Шымкент қалалық мәслихатының 2025 жылғы сессиясында «Құрметті азамат» атағы 25 адамға берілгені туралы OTYRAR жариялаған тізімде Юсупова Әлия Мақсұтқызы да көрсетілген. Онда ол үздік гимнаст, бапкер, Шымкенттегі көркем гимнастикадан спорт мектебінің директоры және Қазақстан гимнастика федерациясының президенті ретінде сипатталған.