Қазақстандық шорт-трекші, Олимпиада-2026 ойындарында ұлттық құраманың ту ұстаушысы Денис Никишаның жары Мәдина Никиша әлеуметтік желіде сын айтқандарға пікір білдірді.
Мәдина Никиша көпшілік тек нәтиженің сыртқы жағын көретінін, ал спорттың ішкі ауыртпалығын бәрі бірдей түсіне бермейтінін айтты. Оның сөзінше, Денистің өнері біреулердің үмітін ақтамағандай көрінуі мүмкін, алайда отбасы үшін ол — ел намысын қорғаған нағыз батыр.
Сондай-ақ жанкүйерлердің медаль күтетіні түсінікті екенін айтып, өзі ең алдымен спортшылардың жарақатсыз оралуын тілегенін жеткізді. Мәдинаның айтуынша, Олимпиадаға барған спортшылар "турист" емес. Олардың уақыты түгелдей дайындық пен режимге байланған, күн сайынғы жаттығу өте тығыз.
Үндеуінде Мәдина Никиша бір маңызды ойды да меңзеді. Милан сияқты қалаға барып-келу қазіргі заманда қолжетімсіз нәрсе емес, сондықтан Олимпиадаға қыдырыс мақсатында барды деу — шындыққа жанаспайды. Оның пайымынша, спортшылар аренаға шыққанға дейінгі әр минутын жаттығуға, қалпына келуге және командалық жоспарға бағындырады.
Денис Никиша 500 метр қашықтықтағы жартылай финалда мәреге төртінші болып жетті. Ал медальдар сарапқа салынбайтын жұбаныш финалында екінші орын алды.
Осылайша Олимпиада-2026 ойындарындағы 500 метр бағдарламасының қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 7-орынға тұрақтады.