Олимпиада жүлдегері Нариман Құрбанов алғаш рет әке атанды

Спорт шолушысы

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, қазақстандық гимнасшы Нариман Құрбанов пен жұбайы Аида Бауыржанова тұңғыш перзентін қарсы алды.

Олимпиада жүлдегері Нариман Құрбанов алғаш рет әке атанды
Instagram/@n_kkz

Құрбанов Instagram желісінде жаңа туған сәбиін қолына ұстап түскен суретін жариялады. Фотоның астына ол қысқа ғана:

"Балапаным", — деп жазды.

Спортшының жазбасына оның жұбайы, спорттық гимнастикадан ұлттық құрама көшбасшыларының бірі Аида Бауыржанова да пікір қалдырды.

"Моиларым", — деп жазды Аида.

Ерлі-зайыпты спортшылар әзірге тұңғыштарының есімін жариялаған жоқ. Дегенмен пікірлерде жақындары мен жанкүйерлері отбасында қыз бала дүниеге келгенін жазып, жылы лебіздерін білдірді.

Нариман Құрбанов пен Аида Бауыржанованың отбасы

Нариман Құрбанов пен Аида Бауыржанова ата-ана атанатынын биыл ақпан айының соңында хабарлаған. Ол кезде ерлі-зайыптылар Instagram парақшаларында отбасылық фотосессиядан сурет жариялап, қуанышты жаңалықты бөліскен.

Айта кетейік, Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасынан кейін берген сұхбаттарының бірінде Аидаға үйленуге уәде бергенін Олимпиададан үш жыл бұрын айтқанын жеткізген.

2024 жылдың қыркүйегінде спортшылар шаңырақ көтерді.