
US Open турнирінің финалында италиялық Янник Синнер мен испандық Карлос Алькарас шығады. Бұл – олардың қатарынан үшінші «Үлкен дулыға» финалдық кездесуі. Бұған дейін екеуі «Ролан Гарроста» және «Уимблдон» турнирінде финалда ойнаған болатын. Парижде Алькарас жеңіске жетсе, Лондонда Синнер басым түсті.
Осы уақытқа дейін ашық дәуірде (1968 жылдан бастап) мұндай серияға тек екі аңыз – Новак Джокович пен Рафаэль Надаль ғана қол жеткізген. Олар 2011 жылғы «Уимблдоннан» бастап 2012 жылғы «Ролан Гарросқа» дейін қатарынан үш финалда күш сынасты.
Бұдан бөлек, тарихта үш рет қатарынан финалда кездескен жұптар қатарында Рой Эмерсон мен Фред Столл (1964), сондай-ақ Род Лэйвер мен Рой Эмерсон (1961–1962) бар.
Қазіргі таңда Синнер мен Алькарас арасындағы жеке кездесулерде испандық теннисші 9:5 есебімен алда келеді. Дегенмен, соңғы уақыттағы финалдар олардың бәсекелестігі жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетіп отыр.
US Open финалы тек титул үшін күрес емес, жаңа буын теннисінің басты қақтығысына айналуда. Синнер мен Алькарас арасындағы бұл бәсеке спорт жанкүйерлеріне алдағы жылдар бойы ұмытылмас финалдарды сыйлайтыны анық.