Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина ірі халықаралық турнирде жеңіске жетіп, ел намысын асқақтатты. Алайда марапаттау рәсімі кезінде туындаған жағдай қазақстандықтардың наразылығын тудырды.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов оқиғаға ашық пікір білдіріп, Рыбакинаның мемлекеттік марапатқа лайықты-жайлығын талқыға салды.
Қоғам қайраткері Ғалым Байтук те бұл мәселеге назар аударып, марапаттау кезінде Қазақстан туының тек электронды таблодағы ұсақ жазу түрінде көрінгенін айтты. Спортшының өз киімінде де, команда мүшелерінде де, тіпті Федерация президенті Болат Өтемұратовта да ел рәміздері болмаған. Ал турнир ережесі мұндай белгілерге тыйым салмаған.
Әбеновтің айтуынша, егер спортшы Қазақстанның рәміздерін көрсетуден бас тартса, онда мемлекеттік марапаттың мәні жойылады.
Ғалым Байтук те:
«Егер басшылықтың өзінде патриотизм мәдениеті болмаса, спортшылардан не күтеміз, әсіресе шетелдік шыққан адамдардан? Үлкен спорт — бұл елдің жарнамалық бет-бейнесі. Миллиондаған адам соны көреді. Дамыған елдер қатарына қосылуды мақсат еткен мемлекет үшін мұндай сәттер ерекше маңызды», — деді.
Қазақстан теннис федерациясы бұл сынға түсініктеме беріп, турнирдің жеке коммерциялық іс-шара болғанын, ал мемлекеттік наградаларға қатысты шешімнің президент құзырында екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Рыбакинаны WTA финалындағы жеңісімен құттықтап, оған «Барыс» орденінің III дәрежесін беру туралы жарлыққа қол қойған еді.