Аружан Сағындықова Үндістандағы турнирде бір күнде екі жеңіске ие болды.
Әлемдік рейтингте 845-орында тұрған қазақстандық теннисші Аружан Сағындықова Нью-Делиде (Үндістан) өтіп жатқан ITF W35 турнирінің жекелей сындағы ширек финалына жолдама алды.
Екінші айналымда Аружан әлемнің 382-ракеткасы әрі жарыстың үшінші нөмірлі қатысушысы — жапониялық Саки Имамурамен кездесті. Алғашқы партияда Сағындықова 3:1 есебімен алға шыққан сәтте қарсыласы матчты жалғастырудан бас тартты.
Осылайша, ширек финалға өткен қазақстандық теннисші келесі ойынында дүниежүзілік рейтингте 1182-орында тұрған, 19 жастағы үндістандық Шрути Ахлаватқа қарсы кортқа шығады.
Сонымен қатар, жұптық сында Аружан Сағындықова ресейлік Элина Неплиймен бірге ширек финалда турнирдің төртінші ракеткалары — үндістандық Вайшнави Адкар мен Сравайа Шивани Чилакалапудиді 6:1, 7:5 есебімен жеңді.
Қазақстандық-ресейлік жұп финал жолдамасы үшін үндістандық Ваидехи Чаудхари мен Зил Десайға қарсы ойнайды.