Қазақстанның екінші үздік теннисшісі Аделаида қаласындағы турнирде венгриялық қарсыласымен күш сынасты.
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева (әлемнің 105-ракеткасы) Австралияның Аделаида қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің бірінші айналымында матч өткізді.
1/16 финал кезеңінде Путинцеваның қарсыласы әлемдік рейтингте 93-орында тұрған венгриялық спортшы Далма Галфи болды. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан өкілі екі сетте жеңіске жетті — 6:4, 6:4. Келесі айналымда Юлия әлемнің 15-ракеткасы әрі турнирдің алтыншы нөмірлі ойыншысы, АҚШтөкілі Эмма Наварромен кездеседі.
Еске сала кетейік, Юлия Путинцева Аделаидадағы турнирге іріктеу кезеңі арқылы жолдама алған. Жарыс 17 қаңтарға дейін жалғасады. Турнирдің жүлде қоры 1,2 миллион доллардан асады.