Армат Арманұлының титулдық айқасы күтпеген сәтпен аяқталды
Армат Арманұлы Ақтөбедегі бокс кешінің басты жекпе-жегінде угандалық Шадири Бвогиді техникалық нокаутпен жеңіп, орта салмақтағы WBA Asia чемпиондық белбеуін сақтап қалды.
WBA Asia титулын қорғады
Он раундқа жоспарланған титулдық кездесу сегізінші раундта мәресіне жетті. Осы раундта Бвоги екі рет нокдаунға түсті. Бұдан кейін угандалық боксшы күтпеген жерден рингтің бұрышына отырып қалды.
Қарсыластың жағдайын бағалаған төреші кездесуді тоқтатып, Арманұлына техникалық нокаутпен жеңіс берді.
Осы нәтижеден кейін Армат Арманұлының кәсіпқой рингтегі көрсеткіші сегіз жеңіс пен бір жеңіліске жетті. Қазақстандық бесінші рет жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтап, WBA Asia белбеуін сәтті қорғады.
Ал Шадири Бвоги мансабындағы екінші жеңілісіне ұшырады. Оның есебінде 11 жеңіс бар, соның бесеуін нокаутпен тіркеген.
Бвоги қандай жетістіктерімен танымал?
Угандалық боксшы бұған дейін өз елінің чемпионы атанып, Африка бокс одағының чемпиондық белбеуін иеленген. Сондай-ақ ол WBC International титулы үшін жұдырықтасқан.