Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Азияның үш дүркін чемпионы ӘЧ жартылай финалсыз қалды

Қазақстандық еркін күрес шебері, Азияның үш дүркін чемпионы Азамат Дәулетбеков Астанадағы әлем чемпионатының жартылай финалына өте алмады. 

Азияның үш дүркін чемпионы ӘЧ жартылай финалсыз қалды
Спортты дамыту дирекциясы

Төрешілер шешімімен жеңіліп қалды

92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Азамат Дәулетбеков ширек финалда әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері, грузиялық Мириан Майсурадземен белдесті.

Тартысты өткен кездесудің шешуші сәттері соңғы секундтарда тіркелді. Белдесу аяқталуға жақындағанда қазақстандық балуан 3:4 есебімен жеңіліп жатқан. Бірақ Дәулетбеков соңғы сәтте екі ұпай алуға мүмкіндік беретін әдіс орындады.

Дегенмен грузиялықтың бапкері төрешілер шешімімен келіспей, бейнеқайталауды қайта қарауды талап етті. Даулы эпизодты мұқият зерделеген төрешілер шешімді Мириан Майсурадзенің пайдасына шығарды. Нәтижесінде есеп 4:3 күйінде сақталып, грузиялық балуан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Әлем чемпионатын қалай бастады?

Қазақстандық балуан жарыстағы алғашқы белдесуінде Грекия атынан өнер көрсететін Дәурен Куруглиевті жеңген.

Айта кетейік, Азамат Дәулетбеков — еркін күрестен Азияның үш дүркін чемпионы және әлем чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері.

Еске салайық, Астанадағы күрестен 2026 жылғы әлем чемпионаты 24 қазанда басталды. Байрақты бәсеке 1 қарашаға дейін жалғасады.

Бұл туралы не ойлайсыз?