Қазақстанның №1 теннисшісі Елена Рыбакина Australian Open-2026 турнирінің 1/8 финалында сенімді ойын көрсетіп, келесі кезеңге өтті.
WTA рейтингінде 5-орында тұрған Елена Рыбакина төртінші айналымда бельгиялық Элизе Мертенспен (WTA №21) кортқа шықты. Қазақстандық теннисші қарсыласына мүмкіндік бермей, ойынды екі сетте аяқтады — 6:1, 6:3.
Кездесу 1 сағат 17 минутқа созылды. Рыбакина матч бойы қарқынын бәсеңдетпей, шешуші сәттерде дәлдігі мен агрессиясын анық көрсетті.
Осы жеңістің арқасында Елена Рыбакина Australian Open-2026 ширек финалына шықты. Енді ол келесі кезеңде Ига Швентек (WTA №2, Польша) немесе Мэддисон Инглис (WTA №168, Аустралия) матчының жеңімпазымен кездеседі.
Аталған ойын Астана уақытымен 13:00-де басталатыны жоспарланған.
Биыл Australian Open турнирінің жеңімпазы 2 793 365 АҚШ долларын иеленіп, рейтингке 2000 ұпай қосады.