Қазақстандық теннисші Анна Данилина Сербия өкілі Александра Круничпен бірге Australian Open–2026 турнирінің жұптық разрядында финалға шықты. Жартылай финалда қазақстандық-сербиялық дуэт бесінші нөмірлі қарсыластарын тартысты матчта жеңді.
Қазақстандық теннисші Анна Данилина мен Сербия өкілі Александра Крунич Australian Open–2026 турнирінің әйелдер арасындағы жұптық кездесуінде жартылай финалдық матч өткізді.
Финалға жолдама үшін Данилина мен Крунич канадалық Габриэла Дабровски және бразилиялық Луиза Стефаниге қарсы ойнады. Алғашқы партияда қазақстандық-сербиялық жұп тай-брейкте жеңіске жетті — 7:6. Екінші сетте Дабровски мен Стефани 6:3 есебімен басым түсті. Ал шешуші үшінші партияда Анна мен Александра екі рет есептен ұтылып тұрып (0:2 және 1:3), камбэк жасап, 6:4 есебімен жеңісті жұлып алды. Кездесу 2 сағат 22 минутқа созылды.
Енді Анна Данилина мен Александра Крунич финалда чемпиондық атақ үшін Элизе Мертенс (Бельгия)/Чжан Шуай (Қытай) — Эна Сибахара (Жапония)/Вера Звонарёва (Ресей) жұбы арасындағы матчтың жеңімпаздарымен кездеседі.
Айта кетейік, Данилина мен Крунич турнирде 7-нөмірмен тіркелсе, олардың жартылай финалдағы қарсыластары — Дабровски мен Стефани — 5-нөмірлі жұп болды.
Сондай-ақ бүгін Australian Open турнирінің әйелдер арасындағы жекелей сында финалға шығу үшін тағы бір қазақстандық теннисші Елена Рыбакина бақ сынайды. Ол америкалық Джессика Пегулаға қарсы ойнайды.