Қазақстандық теннисші Үндістанда қос титул жеңіп алды
Спортшы жекелей және жұптық сында жеңіске жетіп, үздік атанды
Жібек Құламбаева ірі турнирде керемет нәтиже көрсетіп, бірден екі титул иеленді. ITF W15 жарысы Үндістанның Нагпур қаласында өтті. Финалда әлемдік рейтингте 419-орында тұрған Құламбаева 1159-сатыдағы үндістандық Сонал Патилмен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Қазақстандық теннисші ойынның алғашқы минуттарынан бастап басымдылық көрсетіп , қарсыласына жеңіске мүмкіндік қалдырмады. Нәтижесінде финалдық кездесу 6:1, 6:3 есебімен аяқталды.
Жұптық сында да чемпион
Жұптық рсында Жібек ресейлік Екатерина Яшинамен бірге өнер көрсетті. Финалда олар Элина Неплий / Ксения Ласкутова жұбын жеңді. Кездесу тартысты өтті. Қорытынды есеп - 5:7, 6:4, 10:6.
Бұл жеңіс Жібек Құламбаева үшін ерекше маңызды. Себебі ол жарақаттан кейін алғаш рет турнирде осындай жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Енді теннисші Қазақстан құрамасы сапында Billie Jean King Cup іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. 10-11 сәуір күндері елордамыз Астана қаласында өтетін кездесулерде Қазақстан құрамасы Канадамен күш сынасады.