Қазақстан теннисінің аңызы Испанияда академия ашады
Михаил Кукушкин Испанияда жеке теннис академиясын ашатынын мәлімдеді.
Кәсіби мансабынан кейінгі жоспары
38 жастағы қазақстандық теннисші биыл қазан айында Almaty Open турнирінен кейін кәсіби мансабын аяқтауды жоспарлап отыр. Осыдан кейін жинаған тәжірибесін жас спортшыларға үйретуге ниетті.
Михаил Кукушкин әлеуметтік желідегі парақшасында ұзақ жыл бойы кәсіби турда өнер көрсеткеннен кейін келесі қадамға дайын екенін жазды. Оның айтуынша, теннис оған үлкен өмірлік жол сыйлаған. Жеңістер мен жеңілістер, маңызды сабақтар, ерекше адамдармен танысу және Қазақстан атынан әлемнің ең ірі ареналарында өнер көрсету мүмкіндігі баға жетпес тәжірибе болған.
Академия Марбельяда орналасады
Кукушкиннің теннис академиясы Испанияның Марбелья қаласында жұмыс істейді. Жоба тек жаттығу алаңы емес, кәсіби теннисшілерді кешенді дайындайтын орта болмақ.
Академияда жас теннисшілердің техникасы, физикалық дайындығы, тактикасы, мінезі, ойын мәдениеті және тұлғалық дамуына ерекше назар аударылады.
"Бұл мен үшін жай жаңа жоба емес. Бұл — қолдау мен бағыт-бағдар қажет ететін спортшыларға көмектесу және теннистің дамуына үлес қосу мүмкіндігі", — деп жазды Михаил Кукушкин.
Спорттағы жетістіктері
Михаил Кукушкин 1987 жылы 26 желтоқсанда Ресейдің Волгоград қаласында дүниеге келген. 2008 жылдан бері Қазақстан атынан өнер көрсетіп келеді.
Ол Қазақстан теннисінің ең танымал өкілдерінің бірі саналады. Кукушкин мансабында ATP Challenger сериясының 16 турнирінде жекелей сында жеңімпаз атанды. Сонымен қатар ATP 250 турнирінде топ жарып, бірнеше мәрте финалға шыққан.
2014 жылы Азия ойындарының чемпионы болды. 2019 жылы жұптық сында "Ролан Гаррос" турнирінің ширек финалына, ал 2020 жылы Australian Open жарысының жартылай финалына дейін жетті.
Сондай-ақ Кукушкин Қазақстан құрамасының бұрынғы бірінші ракеткасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарына ие.
Дэвис кубогындағы көрсеткіші
Михаил Кукушкин Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында да тұрақты өнер көрсетті. Бұл турнирде оның есебінде 29 жеңіс және 21 жеңіліс бар.
Ол ұлттық құрама сапында бес рет Дэвис кубогының ширек финалына дейін жетті. Бұл нәтижелер 2011, 2013, 2014, 2015 және 2021 жылдары тіркелген.
Жеңген танымал теннисшілер
Карьерасында Михаил Кукушкин әлемдік теннистің бірқатар мықты ойыншысын жеңген. Олардың қатарында Марин Чилич, Станислас Вавринка, Григор Димитров, Давид Феррер, Гаэль Монфис, Диего Шварцман, Хуан Мартин дель Потро секілді танымалдар бар.
Қазақстандық теннисшінің әлемдік рейтингтегі ең үздік нәтижесі — 39-орын. Ол бұл көрсеткішке 2019 жылғы 25 ақпанда жетті.