Томирис Нұржан Тунистегі турнирде екі рет топ жарды

Спорт шолушысы

16 жастағы қазақстандық теннисші Картаж қаласында ITF J60 санатындағы жасөспірімдер турнирінде жекелей және жұптық сында чемпион атанды.

Томирис Нұржан Тунистегі турнирде екі рет топ жарды
instagram/@nurzhantomiris

Жекелей сында топ жарды

Турнирде екінші нөмірмен себілген Томирис Нұржан жекелей сында сенімді өнер көрсетті. Ол финалда жарыстың бірінші ракеткасы, Тунис өкілі Надин Хамрунимен кездесті.

Шешуші матчта қазақстандық теннисші қарсыласына мүмкіндік бермей, екі сет қорытындысы бойынша жеңіске жетті - 7:5, 6:3. Осылайша Томирис Картаждағы турнирдің жекелей сынында бас жүлдені иеленді.

Жұптық сында да чемпион болды

Томирис Нұржан жұптық бәсекеде де сәтті өнер көрсетті. Ол Тунис теннисшісі Мелек Гамаунмен бірге финалға дейін жетті.

Ақтық кездесуде Нұржан мен Гамаун франциялық Нейруз Мерьям Годбейн және тунистік Нур Санун жұбына қарсы ойнады. Матч тартысты өтті. Бірінші сетте 4:6 есебімен есе жіберген қазақстандық-туннистік жұп кейін ойын барысын өзгертіп, келесі сеттерде басым түсті - 4:6, 6:3, 10:8.

Осылайша қазақстандық теннисші Тунистегі ITF J60 турнирінде нағыз "алтын дубль" жасады. Қазір Томирис Нұржан ITF жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингте 511-орында тұр.