Елена Рыбакина теннис аңыздарын артта қалдырды
Қазақстанның бірінші ракеткасы әлемнің бұрынғы және қазіргі №1 теннисшілеріне қарсы матчтардағы жеңіс пайызы бойынша үздік үштікке кірді.
Рыбакина тарихи көрсеткіш тіркеді
Opta статистикалық платформасының мәліметінше, Елена Рыбакина 1975 жылдан бері әлемнің бірінші ракеткасы атанған теннисшілерге қарсы кемінде 25 матч өткізген ойыншылар арасында үшінші орында тұр.
Қазақстандық теннисші мұндай қарсыластармен 46 рет кездесіп, соның 29-ында жеңіске жетіп, 17 матчта жеңілген. Осылайша Рыбакинаның жеңіс көрсеткіші 63 пайызға жетті.
Аңыздарды басып озды
Бұл статистика бойынша Рыбакина әйелдер теннисінің әйгілі өкілдері Мартина Навратилова мен Штеффи Графтан жоғары орналасқан. Қазақстандық теннисшіден алда тек америкалық Серена Уильямс пен польшалық Ига Швёнтек тұр.
Әлемнің бұрынғы және қазіргі бірінші ракеткаларына қарсы жеңіс пайызы бойынша үздік бестік:
1. Серена Уильямс – 72,9%;
2. Ига Швёнтек – 71,0%;
3. Елена Рыбакина – 63,0%;
4. Мартина Навратилова – 62,2%;
5. Штеффи Граф – 58,9%.
Осы көрсеткіш Рыбакинаның ең мықты қарсыластарға қарсы ойында қаншалықты нәтижелі екенін аңғартады.
Осаканы жеңіп, жартылай финалға шықты
Елена Рыбакина қазір Торонтодағы WTA 1000 турнирінде өнер көрсетіп жатыр. Ол ширек финалда әлемнің экс-бірінші ракеткасы, жапониялық Наоми Осаканы үш сетте жеңді. Кездесу 4:6, 7:6, 6:4 есебімен аяқталды.
Осы жеңістен кейін Рыбакина турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Енді финалға шығу үшін америкалық Кори Гауффпен кездеседі.