Елена Рыбакина WTA рейтингінде тарихи нәтижені бағындырды
Қазақстандық теннисші 2026 жылғы маусымды WTA рейтингінің көшбасшысы ретінде аяқтайды.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, Путинцевамен өткен матчтың нәтижесі Рыбакинаға маусым соңына дейін рейтингте озық тұруға мүмкіндік берді. Осылайша Рыбакина жыл қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы әлемнің бірінші ракеткасы атанатын Азия елдері тарихындағы алғашқы теннисші атанды.
Теннисші маусымды әлемдік рейтингтің көш басында аяқтайтынына қуанышты екенін айтып, жанкүйерлеріне алғыс білдірді.
"Жылды әлемдік рейтингтің бірінші сатысында аяқтайтыныма өте бақыттымын. Осы керемет жыл бойы маған қолдау көрсеткен баршаңызға рақмет. Келесі жылы да осындай жоғары деңгейде өнер көрсетуді жалғастыра аламын деп үміттенемін", – деді Елена Рыбакина.
Қазіргі лайв-рейтингте қазақстандық теннисшінің еншісінде 9501 ұпай бар. Екінші орында тұрған Беларусь теннисшісі Арина Соболенко 7550 ұпай жинаған. Теннис үздіктерінің арасындағы айырмашылық — 1951 ұпай.
Осылайша Рыбакина маусымның қалған бөлігіндегі өз нәтижесіне де, қарсыластарының көрсеткіштеріне де қарамастан, жыл соңына дейін көшбасшы болып қалады. Бұған дейін жапониялық Наоми Осака WTA рейтингінде көш бастағанымен, бірде-бір рет маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтамаған.
Еске салсақ, Елена Рыбакина Токиодағы турнирдің ширек финалынан денсаулық жағдайына байланысты бас тартты.