Александр Шевченко Стокгольмде жартылай финалға өте алмады
Қазақстандық теннисші Швециядағы ATP 250 турнирінің ширек финалында аргентиналық Тьяго Тирантеге ұтылып қалды.
Үш сетке созылған тартыс
Әлемдік рейтингте 107-орында тұрған Шевченко жартылай финал жолдамасын ATP тізіміндегі 51-ракетка Тьяго Тирантемен сарапқа салды. Алғашқы екі сеттің тағдыры тай-брейкте шешілді. Біріншісінде аргентиналық басым түссе, екіншісінде қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді. Бірақ шешуші сетте Тиранте жеңісті өз еншісіне жазды.
Қорытынды есеп – Тирантенің пайдасына 7:6, 6:7, 6:3. Кездесу 2 сағат 50 минутқа созылды.
Тирантенің келесі қарсыласы кім?
Бұл – қос теннисшінің екінші өзара кездесуі. Алғашқы матчта да аргентиналық жеңіске жеткен еді.
Енді Тиранте Стокгольм турнирінің жартылай финалында чилилік Алехандро Табиломен ойнайды. Жеңімпаз финалға жолдама алады.
Бұл туралы не ойлайсыз?