Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Жібек Құламбаева Чилидегі турнирде чемпион атанды

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева словениялық Вероника Эрьявецпен бірге Чилидің Колина қаласында WTA 125 турнирінің жұптық сынында жеңіске жетті. 

Жібек Құламбаева Чилидегі турнирде чемпион атанды
sportplustv.kz

Финалда бірінші нөмірлі жұпты жеңді

Турнирде екінші нөмірмен тіркелген Құламбаева мен Эрьявец шешуші кездесуде турнирдің басты фавориттері — украиналық Валерия Страхова мен ресейлік Анастасия Тихоноваға қарсы ойнады. 

Қазақстандық-словениялық жұп финалды екі сетте аяқтап, 6:4, 6:3 есебімен басым түсті. Титул тағдырын шешкен матч 1 сағат 16 минутқа созылды.

Чемпиондыққа дейінгі жолы

Ширек финалда Құламбаева мен Эрьявец түркиялық Ипек Оз және грекиялық Деспина Папамихаилға мүмкіндік қалдырмады. Олар 6:0, 6:2 есебімен ұтты.

Ал жартылай финалда австралиялық Теника Макгиффин мен Александра Осборн елеулі қарсылық көрсетті. Алғашқы сетте Құламбаева мен Эрьявец тай-брейкте жеңіске жеткенімен — 7:6 (9:7), екінші партияда 3:6 есебімен есе жіберді.

Финалға жолдама чемпиондық тай-брейкте сарапқа салынып, қазақстандық-словениялық жұп 10:4 есебімен жеңісті жұлып алды.

Чилидегі чемпиондық атақ Жібек Құламбаеваға 125 рейтингтік ұпай әкелді.

Рейтинг жаңарғаннан кейін қазақстандық теннисші жұптық сында әлемнің 78-ракеткасы атанады деп күтілуде. Бұл оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіші болмақ.

Бұл туралы не ойлайсыз?