
Қытайдың Тайань қаласында өтіп жатқан President’s Cup – Asian Region халықаралық турнирінде Батырхан Төлеуғали қола медаль жеңіп алды.
Қазақстанның атынан сынға түскен Батырхан Төлеуғали 80 келіге дейінгі салмақта ел қоржынына алғашқы жүлдені салды.
Турнирді екінші кезеңнен бастаған спортшы алғашқы жекпе-жекте Оңтүстік Кореялық Ким Чжебомды жеңді. Ал ширек финалда Қытайдың өкілі Ван Гоциннен басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.
Алайда, жартылай финалда Пак Чунсанға (Оңтүстік Корея) жол берген Батырхан қола жүлде иеленді.
Ел қоржынына екінші қоланы 53 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Әзиза Қаражанова салды.
Әзиза жарыс барысында барлығы төрт кездесу өткізіп, оның үшеуін жеңіспен аяқтады. Ол алғашқы айналымда-ақ Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Цин Гоны (Қытай) жарыс жолынан шығарды. Екінші кездесуде тайпейлік По Я Судан басып түсіп, ширек финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері Цзо Цзюйді (Қытай) ығыстырды. Финалдық жолдаманы сарапқа саларда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Мобина Нематзадеге (Иран) есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.