
Жалғас Жұмағұлов Гамбургтегі тарихи жекпе-жекке дайындалып жатыр. Алдағы чемпиондық кездесу – тек жеке мансаптың емес, тұтас ұлттың абыройының мәселесі.
Қазақстандық ММА шебері Жалғас Жұмағұлов 28 маусымда Германияның Гамбург қаласында еуропалық Oktagon лигасының қазіргі чемпионы Бено Адамиямен титулдық жекпе-жек өткізеді. Бұл кездесу – тек спорттық дода емес, қазақ файтерінің әлемдік аренадағы беделін көрсететін маңызды кезең.
Спортшының айтуынша, бұл промоушен тарихында белбеу үшін айқасатын алғашқы қазақ – өзі. Сонымен қатар, Азия өкілдері арасынан да алғаш рет мұндай деңгейге көтерілген спортшы атанбақ.
Жұмағұлов алғашқы жаттығу лагерін Ақтөбеде өткізген. Ол жердегі басты мақсаты – досы әрі әріптесі Багдат Жұбанышқа қолдау көрсету болған.
"Мен Бағдатқа уәде бергенмін – сәуірдің соңына дейін жанында боламын. Америкаға ертерек кеткім келген, бірақ сөзімде тұру маңызды еді", – дейді спортшы.
Қазір Жалғас АҚШ-тағы беделді American Top Team залында дайындықты жалғастырып жатыр. Ол жекпе-жекке дейін осы жерде жаттығып, тура осы елден Германияға ұшып кетуді жоспарлап отыр.
Жалғас Бено Адамияны осал қарсылас деп санамайды. Оның бірнеше қазақ спортшысымен айқасқанын ескеріп отыр.
"Мәселен Бекзатпен кездескен сияқты. Морозовпен нақты айқасты. Жас, мықты жігіт. Үнемі алға жылжып келеді. Барлық бес раундқа дайындалып жатырмын", – дейді ол.
Егер Жұмағұлов Oktagon чемпионы атанса, келесі қадамы – UFC-ге қайта оралу болмақ. Дегенмен, қазіргі басты назары – тек алдағы жекпе-жекте.
"Менің мақсатым – алдымен Oktagon белбеуін жеңіп алу. Бұл — елім үшін тарихи сәт. UFC жайлы айтуға әлі ерте. Бірақ титул жеңісінен кейін, ин ша Аллах, келесі белес — сол болады", – дейді ол.
Сондай-ақ, егер турнирге дейін Oktagon ұйымынан басқа ұсыныстар түссе, қысқа мерзімге ауыстырылатын жекпе-жектерге де дайын екенін білдірді.
Жалғас Жұмағұлов үшін бұл – Oktagon лигасындағы екінші жекпе-жек. Оның алғашқысы 2024 жылдың қарашасында өтті. Сол кезде Уэльс өкілі Аарон Эбиді төрешілердің шешімімен жеңген болатын.