
Қазақстан U17 құрамасы 6 финалдық кездесудің 5-еуінде жеңіске жетті.
Иордания астанасы Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар керемет нәтиже көрсетті.
World Boxing ұйымы аясында ұйымдастырылған 17 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия біріншілігінің финалында Қазақстан U17 құрамасы 6 финалдық кездесудің 5-еуінде жеңіске жетіп, бокс әлемінде тағы бір тарихи белесті бағындырды. Ерекше қуаныштысы — бұл жеңістердің екеуі өзбек боксшыларымен болған маңызды жекпе-жектерде тіркелді.
Жақында ғана U15 санатында өткен Азия чемпионатының финалында Қазақстан Өзбекстанға 3:4 есебімен есе жіберген болатын. Бұл жолы керісінше – "құрғақ есеппен" жеңіске жетті. 54 келіде Досжан Жұмахан Бобомурод Боймирзаевты айқын басымдықпен жеңсе, 70 келі салмақта Санжар Матасов Хуршидбек Жұраевқа еш мүмкіндік бермеді.
Айта кетейік, ерлер жарысы мәресіне жетсе, қыздар арасындағы финалдық кездесулер енді басталуда. Бұл додада да қазақстандық боксшы қыздардан үлкен үміт күтілуде.