
Ұсынылған қарсыластың бірі жеңіл салмақта абсолютті әлем чемпионы Габриэла Фундора.
Кәсіпқой бокс әлеміндегі жарық жұлдыздардың бірі — Балауса Мұздыман (7-0) — келесі қарсыласын таңдауға жақын. Оның менеджері Уля Мусаханова жанкүйерлерге үндеу тастады.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Балауса Мұздыманның менеджері Уля Мусаханова әлеуметтік желіде жарияланған видеода спортшының соңғы жекпе-жегінен үзінділер көрсетіп, жанкүйерлерге былай деді:
«Балаусаның келесі қарсыласы ретінде кімді көретіндеріңізді бөлісіңіздер».
Қазақстанның ең сұлу боксшысы атанған Мұздыманның жанкүйерлері бірнеше есімді ұсынды. Олардың ішінде ерекше назар аудартқан қарсылас — Габриэла Фундора (16-0, 8 KO). Ол — жеңіл салмақта абсолютті әлем чемпионы.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанның тағы бір жұлдызды боксшысы Ангелина Лукас Габриэла Фундорамен жекпе-жек өткізіп, абсолютті чемпион атағын иеленуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын. Бұл жекпе-жек те әлі күн тәртібінде тұр.
Естеріңізде болса, Балауса Мұздыман 5 сәуір күні Астанада өткен бокс кешінде Филиппин боксшысы Мария Тереза Пинилиді (7-2, 2 KO) төрешілер шешімімен жеңген болатын.