
UFC чемпионы Ислам Махачев пен бокс аңызы Артур Бетербиев Өзбекстан ұлттық құрамасының басшылығымен бірге Дубайда бой көрсетті.
Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев Instagram парақшасында Дубайда өткен кездесуден естелік суреттерін бөлісті. Суретте – өзбек боксының беткеұстар тұлғалары мен әлемдік деңгейдегі чемпиондар бас қосқан.
Фотода Өзбекстан бокс федерациясының президенті Миршохид Тиллабоев, Олимпиаданың қос алтын иесі Баходир Джалолов, UFC-дің жеңіл салмақтағы чемпионы Ислам Махачев пен бұрынғы абсолютті чемпион Артур Бетербиев бейнеленген.
Мұндай кездесулер Орталық Азия боксы мен аралас жекпе-жек өнерінің дамуына жаңа серпін береді. Әсіресе, тәжірибе алмасу мен ынтымақтастық тұрғысынан мұндай сәттер маңызды.
Айта кетейік, бұған дейін Миршохид Тиллабоев Қазақстан бокс федерациясы басшыларымен бірге түскен суретін жариялаған. Ол суретте Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те бар.