
Тұрсынғали Еділов Әнуар Мотиватор мен Мұхит Амантаевтың жекпе-жегін шоуға теңеп, бұл айқастың мәні — тек хайп пен ақшада екенін ашық айтты.
Қазақстанның бокс тарихында ең табысты бапкері Тұрсынғали Еділов 6 маусымда Алматыда өтетін Әнуарбек “Мотиватор” Бекембетов пен Мұхит Амантаев арасындағы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді. Ол бұл айқасты “Тайсон мен Полдың шоуына” ұқсатып, мұндай кездесулердің мақсаты – тек ақша мен хайп екенін ашық айтты.
Отандық журналист Әнуар Әбдірахмановтың Instagram парақшасында жарияланған бейнежазбада танымал бапкер былай дейді:
«Бұл – шоу ғой. Америкадан келген үрдіс сияқты. Ақша табу үшін жасалып жатқан дүние шығар. Мұнда кім жеңсе де, маңызды емес секілді. Мен ол жігіттерді онша танымаймын. Қатты төбелес бола қоймас. Бұл Тайсон мен блогер Полдың кездесуі сияқты ғана. Уақыт өткізіп, аздап табыс табу үшін жасалып жатқан дүние болуы мүмкін.»
Тұрсынғали Еділов – қазақ боксы тарихындағы аңыз бапкерлердің бірі. Оның шәкірттері Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына бірнеше алтын мен күміс салды.
Әнуар Мотиватор мен Мұхит Амантаевтың арасындағы шиеленіс соңғы айларда әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жүр. Тіпті жақында «Бірінші бол» подкастында төбелесіп те қалды.
Енді бұл тартыс 6 маусымда Алматыда өтетін ресми жекпе-жекпен аяқталмақ.