
Қазақстандық боксшы жуырда жаңа лигада жекпе-жекке шығып, әлемдік аренаға қайта оралмақ.
Қазақ боксшысы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-та жоғары бағаға ие болды. Prosports.kz порталына пікір білдірген америкалық танымал спорт шолушысы Скуп Малиновски Елеусіновті «бүгінгі күннің ұлы боксшысы» деп атап, оны Мұхаммед Әли және Майк Тайсон сынды аңыздармен салыстырды.
«Егер дәл қазір рингке Мұхаммед Әли немесе Тайсон шықса да, оларды нарыққа тиімді ұсыну оңай болмас еді. Себебі қазіргі бокстың абыройы әлсіреп барады. Осындай кезеңде Елеусінов – өз дәуіріндегі дара боксшы. Бірақ мықты промоутерсіз және сенімді аудиториясыз оны әлемге таныту қиын», — деді журналист.
Кәсіби мансабында біраз үзіліс жасаған Данияр Елеусінов (12 жеңіс, 0 жеңіліс, 7 нокаут) жуырда UFC президенті Дана Уайт құрған жаңа бокс лигасымен келісімшартқа отырды. Бұл келісім қазақстандық спортшы үшін тағдыршешті сәтке айналуы мүмкін. Жоба аясындағы алғашқы жекпе-жек алдағы айларда өтеді деп күтілуде.
Қазір Елеусінов АҚШ-тың Питтсбург қаласында дайындық жүргізіп жатыр. Айта кетейік, оның соңғы жекпе-жегі 2023 жылғы 28 қыркүйекте Алматыда өткен. Онда отандасымыз филиппиндік Джо Нойнэяны (23-5-2, 11 КО) бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.