Нокауттарға дайын бол! Қазақстан мен Өзбекстанның бокс жұлдыздары рингте кездеседі
Алматыда 6 маусым күні үлкен кәсіби бокс кеші өтеді. Кештің басты оқиғаларының бірі Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары арасындағы екі айқас болады.
Елхан Табынбаев өзбек қарсыласымен күш сынасады
Екінші орта салмақта ел намысын Елхан Табынбаев (8 жеңіс, 1 жеңіліс, 6 нокаут) қорғайды. Ол Өзбекстаннан келген тәжірибелі боксшы Джурабой Зокировпен (1 жеңіс, 7 жеңіліс) қолғап түйістірмек. Бұл айқас алты раундқа жоспарланған.
Нұржан Серікбаев нокаутқа бейім қарсыласпен рингке шығады
Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде Нұржан Серікбаев (5 жеңіс, 1 жеңіліс, барлығы нокаутпен) өзбек боксшысы Шахриёр Исаковқа (4 жеңіс, 7 жеңіліс, 4 нокаут) қарсылас атанады. Бұл кездесу де алты раундқа созылады деп жоспарланып отыр. Екі спортшы да нокаут жасау шебері ретінде танымал, сондықтан бұл жекпе-жек ерте аяқталуы ғажап емес.
Әйелдер айқасы және халықаралық қатысушылар
Бокс кеші тек ерлер арасында емес, әйелдер арасында да өтеді. Көпшілік асыға күткен жекпе-жектердің бірі – Балауса Мұздыман (7-0, 5 KO) мен Мысырдан келген Айя Рамадан (4-0, 0 KO) арасындағы кездесу болмақ. Сонымен қатар Даня Милохин мен Байрам Кахруманов та рингке шығады.