
Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев Эйндховенде (Нидерланды) өткен халықаралық турнирде жарқ еткен қазақ боксшыларын құттықтады.
Серік Сәпиев өзінің Instagram парақшасында Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Ақхалықовтың жетістігіне қуанып, лебізін білдірді:
"Абылайхан Жүсіпов Нидерландыда өткен халықаралық жарыста 2024 жылғы Олимпиада чемпионын жеңді. Сабыржан Ақхалықов қола медаль еншіледі. Қарағанды бокс мектебі – елдегі үздіктердің бірі. Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймын!"
70 келі салмақтағы финалдық кездесуде Абылайхан Жүсіпов пен Париж Олимпиадасының жеңімпазы, өзбекстандық Асадхужа Муйдинходжаев рингке шықты. Қарқынды басталған жекпе-жек екінші раундта тоқтатылды. Қазақстандық боксшының жарақатына байланысты дәрігерлер жекпе-жекті жалғастырмауға кеңес берген. Алайда төрешілер жеңісті Жүсіповке беріп, бұл шешім Өзбекстан бокс федерациясының наразылығын туғызды.
75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сабыржан Ақхалықов жартылай финалда Украина өкілі Джамал Кулиевпен кездесіп, бірауыздан төрешілер шешімімен жеңілді. Соған қарамастан қазақстандық спортшы турнирдің қола жүлдесін иеленді.