Қазақ файтерлері UFC-ге қаншалықты жақын? Нақты есімдер аталды
Аян Тұрсын, Сүндет Айтқұл және Абай Жалал сияқты есімдер қазірдің өзінде UFC назарында.
UFC есігін қағып тұрған жаңа буын
Қазақстандық Octagon MMA лигасының президенті Нұраддин Садықов YouTube-тегі “Azamat Sport” арнасына берген сұхбатында UFC-ге өтуі мүмкін қазақстандық файтерлер туралы пікір білдірді. Садықовтың айтуынша, бірнеше қазақстандық спортшы әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі — UFC-ге (Ultimate Fighting Championship) өте жақын тұр.
“Аян Тұрсын бойынша бәрі өте жақын болды. Бірақ соңғы жекпе-жегінен кейін бәрі кейінге қалды”, — деді Садықов.
Бұдан бөлек, Сүндет Айтқұл бар. Ол Octagon лигасының чемпионы. Оның 10 жеңісінің барлығы да мерзімінен бұрын аяқталған. Бұл — UFC үшін өте маңызды фактор.
“Сүндет өте тартымды стильде жұдырықтасады. Барлық жеңісі мерзімінен бұрын аяқталған – бұл UFC-ге ұнайды”, — деп атап өтті Садықов.
Сонымен қатар Абай Жалал UFC-ге өтуі мүмкін деген үміт бар. Саят Әбдуали де жиі айтылатын есімдердің бірі. Бірақ оған әлі уақыт қажет.
Қазір UFC-де кімдер бар?
Бүгінгі таңда UFC ұйымында Қазақстан атынан алты спортшы жұдырықтасуда:
- Шавкат Рахмонов
- Асу Алмабаев
- Азат Мақсұм
- Бекзат Алмахан
- Николай Веретенников
- Дияр Нұрғожай
Бұған дейін Жалғас Жұмағұлов пен Сергей Морозов та UFC-де өнер көрсеткен.