
Қазақстан бокс федерациясы бұл жағдай бойынша ресми түсініктеме берді.
Астанада өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының алғашқы күнінде күтпеген жағдай тіркелді: ұлттық құраманың үздігі Абылайхан Жүсіпов қырғыз спортшысына есе жіберді. Бұл жекпе-жекке қатысты Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов пікір білдіріп, кім жауапты екенін атады. Бұл туралы 24KZ хабарлады.
70 келі салмақта өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов алғашқы екі раундта қырғызстандық Алмаз Орозбековке қарсы 5:0 есебімен алда келе жатқан. Алайда үшінші раундта қабағы жарылып, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Мерей Ақшалов бұл жағдайдың техникалық себептерін түсіндіріп өтті:
«Жарақат қарсыластың қатты соққысынан болды. Яғни, баспен соғу, әдейі жасалған лас әрекет болған жоқ. Сол себепті, ережеге сай жеңіс қырғыз боксшысына берілді», — деді Мерей Ақшалов.
Ақшаловтың айтуынша, Абылайхан Жүсіповтің жарақаты бұрыннан белгілі болған, соған қарамастан оны жарысқа қосқан.
«Бұл жағдай үшін жарыс аяқталған соң ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов түсініктеме береді. Сонымен қатар, спортшының жарақатын біле тұра жекпе-жекке жіберген дәрігерлер де жауапты», — деді федерация бас хатшысы.