
Жәнібек Әлімханұлы атақты боксшының ұлы Крис Юбенк-кішімен жекпе-жек өткізуі мүмкін. Британдық боксшы Конор Беннді жеңген соң, мамандар оның келесі қарсыласы ретінде қазақстандық чемпионды атап отыр.
Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) келесі жекпе-жегін ағылшын боксшысы Крис Юбенк-кішімен (35-3, 25 КО) өткізуі мүмкін.
2025 жылдың 26 сәуірінде 35 жастағы Юбенк отандасы Конор Беннді (23-1, 14 КО) 12 раундтық айқаста төрешілер шешімімен жеңіп, үлкен рингке сәтті оралды. Осы жеңістен кейін Boxing-Social сарапшылары оның келесі қарсыласы орта салмақ чемпиондарының бірі болады деп болжап отыр. Үміткерлер қатарында — Жәнібек Әлімханұлы.
Сарапшылардың пікірінше, Жәнібек – өте қауіпті қарсылас, алайда оны жеңген боксшының беделі бірден өседі:
«Ол – тәуекелі жоғары, бірақ беделі зор қарсылас. Чемпионды жеңсең, бір сәтте аңызға айналасың», – дейді мамандар.
Айта кетейік, Крис Юбенк-кіші – британ боксының аңызы, бұрынғы әлем чемпионы Крис Юбенк-атаның ұлы. Әкесі WBO нұсқасы бойынша екі салмақта чемпион атанған.
Юбенк-кіші қазір WBC рейтингінде екінші орында тұр және титулды жекпе-жектерге шығып, мансабын жаңа деңгейге шығаруға талпынып жатыр.