"Мен бүгін өліп қала жаздадым!" — Назым Қызайбай бас бапкерге қатысты "шындықты" айтты (ВИДЕО)
Әйелдер арасында бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай ел құрамасының қазіргі жағдайы мен бапкерлердің қарым-қатынасы туралы ашық мәлімдеді. Жетекші боксшы Instagram парақшасында Елдос Сайдалин жетекшілік ететін оқу-жаттығу жиыны жайлы жанайқайын жеткізді.
"Ағайлар бізді бүгін "өлтіріп" жіберді"
"Таңғы жаттығу жаңа ғана аяқталды. Бүгін бізді ағайлар шынымен “өлтіріп” жіберді. Баспалдақпен әрең көтерілудеміз. Бүгін мен шын мәнінде “өліп” қалдым! Ең бақытты жандар — біздің ағайлар. Олар шетте тұрып, аяғымыз жүрмей қалған кезде мәз болып қарап тұрды. Әсіресе, Елдос-аға. Тек Мұхит ағай ғана анда-санда бізге жанашырлық танытады, қалғандарының көңіліне де кіріп шықпаймыз", – деді Қызайбай.
Дайындық неге маңызды?
Қазір Қазақстан әйелдер құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл дайындықтың басты мақсаты — 2025 жылы 4-14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өтетін World Boxing әлем чемпионатына тыңғылықты әзірлік. Айта кетейік, бұл дода жаңа құрылымдағы World Boxing федерациясы ұйымдастыратын алғашқы ресми әлем чемпионаты болмақ.