
5 қыркүйекте Алматыда өтетін кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық былғары қолғап шебері Жанқош Тұраров (28 жеңіс, 0 жеңіліс, 20 нокаут) рингке оралады. Оның қарсыласы – Филиппин елінің мықтысы Али Канега (12 жеңіс, 2 жеңіліс, 1 тең ойын, 8 нокаут).
Тұраров үшін бұл жекпе-жек ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы кездесу болмақ. Ол соңғы рет 2023 жылдың желтоқсанында Алматыда жапондық Акихиро Кондоға (37-13-3, 21 КО) қарсы жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен. Осы жеңіс арқылы Жанқош IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын иеленді.
Али Канега – бірінші жартылай орта салмақтағы Филиппин бокс федерациясының чемпионы. Ол соңғы кездесуін 2025 жылдың маусым айында өткізді. Қарсыласы отандасы Джон Лоуоренс Ордонионы (9-9-1, 5 КО) бірінші раундта нокаутпен тізе бүктірді.
Бұған дейін Канега Қазақстанның тағы бір өкілі – Руслан Мәдиевпен (17-2-1, 6 КО) кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіліп қалған.