
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Ливерпульде өткен әлем біріншілігінде топ жарған боксшыларды қабылдады.
Қала басшысы чемпиондарға алғыс хат тапсырып қана қоймай, 30 миллион теңге көлемінде сертификат ұсынды.
Санжар Тәшкенбай екінші рет әлем чемпионы атанды. Ол алғаш рет 2023 жылы 19 жасында 48 келі салмақта жеңіс тұғырына көтерілсе, биыл Ливерпульде 50 келі салмақта жетістігін қайталады.
Айбек Оралбай болса, қазақстандық бокс тарихында жаңа белес ашты. Ол суперауыр салмақта ел үшін тұңғыш алтынды еншілеп, есімін алтын әріппен жаздырды.
Қазақстан жалпыкомандалық есепте 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен бірінші орынға шықты.
Жеңіс Қасымбек боксшылардың табысы тәртіп пен еңбекқорлықтың, сенім мен бапкерлер еңбегінің жемісі екенін атап өтті:
«Біздің спортшыларымыз намысты қолдан бермей, әлемдік деңгейде жоғары нәтиже көрсетті. Бұл жеңістер – еліміз үшін үлкен мақтаныш. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін», – деді әкім.
Астана әкімдігі спортты әрдайым назарда ұстайды. Қалада арнайы Боксты дамыту орталығы жұмыс істейді, ал биыл Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне берілді.