Қазақстандық файтер Дамир Исмагұлов жаңа ұйым – Karate Combat лигасындағы алғашқы жекпе-жегін жарқын нокаутпен аяқтады.
Спортшы АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында өткен Karate Combat 57 турнирінде америкалық Тайлер Хиллмен кездесіп, бірінші раундта-ақ айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Дамир Ысмагұлов – ММА жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол аралас жекпе-жек әлемінде 27 жеңіс және 3 жеңіліс көрсеткішіне ие.
2018–2023 жылдар аралығында спортшы UFC ұйымында айқасты. Бес рет жеңіске жетіп, екі мәрте жеңіліс тапқан.
Орынбор өңірінде туған Дамир өзінің кәсіби мансабын енді жаңа форматтағы жекпе-жек аренасында жалғастырып отыр.
Karate Combat — 2018 жылы Дубайда (БАӘ) құрылған ерекше жекпе-жек лигасы. Мұнда спортшылар толықконтактті каратэ ережелері бойынша айқасады.
Алайда классикалық ММА-дан айырмашылығы — бұл лигада күрес элементтері, буын мен тұншықтыру әдістері, шынтақ соққыларына тыйым салынады.
Karate Combat соңғы жылдары әлем бойынша үлкен танымалдыққа ие болып, виртуалды графика мен спорттық шоуды үйлестірген жаңа форматтағы турнирлер өткізеді.