Мұхамед Амантаев жаңа турнирдегі алғашқы жекпе-жегін жойқын нокаутпен аяқтады. Ол UFC президенті Дана Уайттың Power Slap лигасында тұңғыш рет өнер көрсетті.
Амантаев Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Power Slap 17 турнирінде қытайлық жеңіл салмақ өкілі Джао Хунгангқа қарсы шықты. Қарсыласынан еш мүмкіндік қалдырмаған қазақ спортшысы қуатты соққымен қарсыласын ауыр нокаутқа түсірді.
Power Slap — UFC президенті Дана Уайт негізін қалаған ерекше спорттық шоу. Бұл жарыста қатысушылар қарсыласына алақанмен соққы жасау арқылы жеңіске жетуге тырысады.
Дәстүрлі жекпе-жек түрлерінен өзгеше бұл формат АҚШ-та және әлем бойынша үлкен танымалдылыққа ие. Турнирлерде спортшылардың шыдамдылығы, тепе-теңдігі және соққының дәлдігі сыналады.
Қазір Power Slap лигасының жеңіл салмақтағы чемпионы – америкалық Роберт Трухильо.
Сонымен қатар үздік бестікте Джошуа Бойсверт, Дакота Макгрегор, Рейли Монтойя, Айзек Гюнтер және Уильям Шоки сынды атлеттер бар.
Мұхамед Амантаевтың дебюті бұл рейтингке жаңа үміткердің келгенін көрсетті. Егер ол осылай қарқынмен жалғастырса, жақын уақытта чемпиондық белбеуге басты талапкерлердің біріне айналуы әбден мүмкін.