Танымал боксшының үстінен айқас алдында іс қозғалды
14 қарашада Джейк Полмен өтетін жекпе-жек қарсаңында оған адам ұрлау және тұрмыстық зорлық-зомбылық айыбы тағылды.
WBA чемпионы, әлемнің ең жарқын боксшыларының бірі Джервонта «Танк» Дэвис үлкен дау ортасында қалды. BoxingScene хабарлауынша, АҚШ-тағы Майами-Дейд округінің сотына Джервонта Дэвиске қарсы азаматтық шаым түскен. Боксшыға адам ұрлау, ұрып-соғу және моральдық қысым көрсету баптары бойынша айып тағылған.
Арыз иесі — спортшының сүйіктісі Кортни Россел. Оның мәлімдеуінше, Дэвис Флорида штатындағы түнгі клубтардың бірінде оны тұншықтырып, итеріп, желкесінен ұрған.
Жекпе-жек тағдыры – белгісіз
Бұл жанжал 14 қарашаға жоспарланған Джейк Полмен айқастың тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін.
Most Valuable Promotions (Полдың промоутерлік компаниясы) жағдайды бақылауда ұстап отыр. Инсайдерлердің айтуынша, ұйымдастырушылар үш нұсқаны қарастыруда:
- Дэвистің орнына басқа қарсылас шығару;
- Айқасты кейінге шегеру;
- Ивентті толық тоқтату.
Кей деректер бойынша, стримингтік платформа жекпе-жек трансляциясынан бас тартуы мүмкін, ал шоуға екі аптадан аз уақыт қалды.
Айта кетейік
Бұл — Джервонта Дэвиске қатысты алғашқы құқықтық дау емес. Жыл басында ол тұрмыстық зорлық ісі бойынша тергеуге алынған еді. Сол оқиға Ламонт Роучпен реванш жекпе-жегінің өтпей қалуына себеп болған.
Дэвистің кәсіпқой бокстағы көрсеткіші:
- 30 жеңіс (28 нокаут);
- 1 тең нәтиже;
- 1 жеңіліс.