Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Нұрхан Жұмағазы Жапонияның беделді RIZIN ұйымындағы алғашқы жекпе-жегінде көрермендерді таңғалдырды.
                Rizin Landmark 12 турнирі Кобе қаласында өтті, ал отандасымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ айқын жеңіске жетіп тоқтатты.
Бұрын Alash Pride FC ұйымында жеңіл салмақта уақытша чемпион атанған Нұрхан бұл жолы жапондық фаворит Тацуя Сайкамен кездесіп, өз мықтылығын дәлелдеді.
Жекпе-жек басынан-ақ қазақстандық файтер агрессивті әрі сенімді шабуылдармен көзге түсті. Бір сәтте ол қарсыласын жоғарғы аяқпен (хай-кик) дәл соғып, нокдаунға жіберді.
Сайка есін жияр-жимастан Жұмағазы қарсыласының қателігін пайдаланып, тұншықтыру тәсілін қолданды да, жапон спортшысы амалсыз берілуге мәжбүр болды.
27 жастағы Нұрхан Жұмағазы бұл жеңіспен кәсіби мансабындағы оныншы жеңісіне (10-1) қол жеткізді. Ал қарсыласы Тацуя Сайка енді 13 жеңіс, 6 жеңіліс көрсеткішіне ие. Айта кетсек, оның 12 жеңісі нокаутпен аяқталған.