Баходир Джалолов 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада өнер көрсетуі мүмкін.
                Өзбекстан құрамасының басты жұлдызы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Джалолов 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада өнер көрсетуі мүмкін. Өзбекстан ұлттық құрамасының аға бапкері Рахматжон Рузияхунов атақты шәкірті Баходирдің болашағына қатысты мәлімдеме жасады.
«Баходирдің үшінші Олимпиадаға қатысатынын нақты айта алмаймын. Құрамада жас буын өсіп келеді, өз шәкірттері де бар. Бірақ бір нәрсеге сенімдімін – егер ол әлем чемпионатына немесе Олимпиадаға қатысса, міндетті түрде жеңіске жетеді», — деді Рузияхунов ZBS Podcast арнасына берген сұхбатында.
Ол сонымен қатар кәсіби боксшылардың Олимпиадаға қатысуына қазіргі ережелер мүмкіндік беретінін еске салды. Бұл Баходир Джалоловтың рингке қайта оралуы нақты мүмкін екенін білдіреді.
Париж-2024 Олимпиадасында өзбек алыбы алтын медаль жеңіп алып, көп ұзамай кәсіби боксқа ауысатынын жариялаған еді. Джалолов қазір ауыр салмақта өнер көрсетіп жүр және рейтингтік кездесулерде сенімді жеңістерге жетіп, әлем чемпиондық белбеуге жақындап келеді.