Эр-Рияд қаласындағы VI Ислам ынтымақтастық ойындарында Қазақстан құрамасы кезекті алтын медаль еншіледі.
Бүгін басталған каратэ жарыстарында отандасымыз Никита Тарнакин ел қоржынына сегізінші “алтынды” салды.
84 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Тарнакин 1/8 финалда Камерун спортшысы Лонци Брайанды 8:0 есебімен тас-талқан етті.
Келесі кезеңде, яғни ширек финалда алжирлік Мидун Фаллехке қарсы 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Жартылай финалда Тарнакин Албания өкілі Мелос Гашимен кездесіп, 3:0 есебімен айқын басымдық танытты.
Финалда оның қарсыласы Иордания спортшысы Мохаммад Альджафари болды. Шешуші кездесуде Тарнакин қарсыласын 8:3 есебімен ұтып, алтын медаль иегері атанды.