Екі боксшының жекпе-жегі желоқсанның 6-сы өтеді.
6 желтоқсанда АҚШ-тағы Сан-Антонио қаласында өтетін тарихи жекпе-жек алдында кубалық боксшы Эрисланди Лара қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлын нокаутқа түсіретінін айтып, жанкүйерлердің назарын аударды.
Айта кетейік, жуырда Premier Boxing Champions (PBC) ұйымы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Жәнібек Әлімханұлы (WBO, IBF) мен Эрисланди Лараның (WBA) біріктірілген чемпиондық жекпе-жегін ресми түрде жариялады. Бұл айқаста орта салмақтағы үш чемпиондық белбеу — WBA, WBO және IBF тағдыры шешіледі.
PBC парақшасында Лараның нокаут сәттерінен тұратын бейнеролик жарияланып, жазбада келесі ескерту жасалды:
«Бокс — тәтті ғылым (Sweet Science), ал Эрисланди Лара осы ғылымның нағыз докторы. Бірақ оның күшін ұмытпаңыз: егер ол қарсыласын ұстаса, сол қолы оны ұйықтатып жібереді. 6 желтоқсанда бақылау жұмысы өтеді — Лара мен Жәнібек біріктірілген чемпиондық белбеулер үшін рингке шығады».
Бұл мәлімдеме жанкүйерлер арасында қызу талқыланып, Лараның батылдығына таңданыс пен күмән қатар тудырды.