Қазақстан және әлем боксының аңызы Геннадий Головкин (GGG) өз карьерасын туған жерінде қорытындылауды қалайды.
Жасы 43-ке келсе де, Головкин кәсіпқой рингтегі мансабын ресми түрде аяқтағанын жариялаған жоқ. Әлем чемпионы ретінде тарихқа енген боксшы әлі де жанкүйерлеріне бір ерекше сәт сыйлағысы келетінін жасырмады.
Asia Boxing президенті Пичаи Чунхаваджирамен өткен кездесу барысында Головкин:
«Мен тағы бір жекпе-жек өткізуді ойлап жүрмін. Ол – міндетті түрде Қазақстанда болуы керек»,
– деп мәлімдеді.
Бұл сөз жанкүйерлердің үмітін күшейтті. Егер GGG рингке қайта оралса, бұл — Қазақстан спорт тарихындағы ең ірі оқиғалардың бірі болары сөзсіз.
Пичаи Чунхаваджира Головкиннің бұл ойын толық қолдап, оған сәттілік тіледі. Айта кетейік, Головкин бүгінде World Boxing ұйымының президенті қызметіне үміткер.
Кездесу кезінде Пичаи қызықты жайтты да бөлісті. Ол да көпшілік жанкүйер сияқты YouTube-тағы GGG-дің хайлайттарын тамашалауды жақсы көретінін атап өткен.