Шавкат Асу Алмабаевты қолдау үшін арнайы Катарға барған еді.
UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақтағы қазіргі жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Жаттығып жатырмыз, бабыма еніп келемін. Ақпанның басы немесе ортасы шығар. Егер бәрі жақсы болса, сол кезде ораламын деп ойлаймын. Иә, жаңа жұлдыздар бар… жаңадан шықты деуге де болмайды, олар бұрыннан бар, тек қазір өздерін өте жақсы көрсетуде: Пратес, Моралес – екеуі де мықты әсер қалдырды. Бірақ айырмашылығы жоқ, біздің дивизион өте қызық, бәсеке жоғары. Сол себепті мұнда бәрі жиі ауысып тұрады – кім мықты, сол қалады".
Шавкат қазіргі таңда жаңа чемпион болған Ислам Махачевпен де кездесуге көз тігіп отырғанын айтты:
"Исламды чемпиондық белбеуімен құттықтаймын. Егер бәрі дұрыс болса, жақын арада онымен де кездесетін шығармыз", – деді Рахмонов.
Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде төртінші орында тұр. Ол соңғы рет октагонға өткен жылдың желтоқсанында шығып, ирландиялық Иэн Гэрриді жеңген еді.
Айта кетейік, бүгін Катарда өткен UFC Fight Night турнирінде Шавкат Рахмонов Асу Алмабаевтың бұрышында болды. Ал Асу америкалық Алекс Пересті мерзімінен бұрын қылғындыру әдісімен жеңді.