«Телефоны 22:30-да өшірулі»: Боксшыларға Төрехан Сабырханды үлгі тұту ұсынылды
2025 жылғы әлем чемпионы Төрехан Сабырхан рингтегі шеберлігімен ғана емес, оның сыртындағы мінез-құлқы және кәсіби тәртібімен де қазақстандық боксшыларға үлгі болып жүр.
19 жастағы әлем чемпионы – қазақ боксының жаңа жұлдызы
Биыл 19 жастағы шымкенттік боксшы ересектер арасындағы жекпе-жектерде жеңіліс көрмей, қазақ боксының жаңа символына айналды.
Оның жекпе-жектері әрі нәтижелі, әрі көрерменге қызық – тиімділік пен шоу элементі қатар жүр.
2025 жылғы әлем чемпионатында «алтын» алған Төрехан бүгінде жанкүйерлер ғана емес, бокс мамандары ауызынан түспей жүр.
«Нағыз тәртіп – телефоннан басталады»
Атақты боксшы, 2005 жылғы әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов «Виктор Ялымовтың бокс студиясына» берген сұхбатында қазақстандық боксшыларға жетіспей жатқан қасиеттер туралы айта келе, дәл Төрехан Сабырханды бөле-жара атап өтті.
Ол жас чемпионның тәртіп деңгейін кәсіби спортшы үшін эталон ретінде көрсетті:
«Мысалы, Төрехан Сабырхан. Мен білемін, сағат 22:30-да оның телефоны өшірулі болады. Міне, нағыз тәртіп деген – осы. Әкесінен алған өте дұрыс тәрбиенің нәтижесі», – дейді Ердос Жаңабергенов.