Қазақстандық танымал ММА файтері Қуат Хамитов (27-8-2) Ресейде өткен ACBJJ20 турнирі аясында бразилиялық джиу-джитсу ережесі бойынша белдесуге шықты.
Мәскеудегі турнирде Хамитовтың қарсыласы ресейлік Рашид Магомедов (26-6-1) болды. Қарсыластар толық қашықтықты еңсеріп, тартысты белдесу соңына дейін жалғасты. Нәтижесінде төрешілердің бөлек шешімімен жеңіс Қуат Хамитовқа бұйырды.
Қуат Хамитовтың ММА-дегі соңғы айқасы Дубайда өтті. Қазан айында ол ACA промоушеніндегі кездесуде ресейлік файтер Анатолий Бойконы (12-5) төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген болатын.
Айта кетейік, ACBJJ20 турнирінің негізгі жекпе-жегінде UFC-дің жеңіл салмақтағы рейтингінде көшбасшылардың бірі — Арман Царукян (23-3-0) қарсыласымен күш сынасты. Оның қарсыласы — шешенстандық спортшы Мяхди Байдулаев (18-2-0) болды. Жекпе-жектің аяқталуына 12 секунд қалғанда Царукян қарсыласынан басым түсті.