Белгілі америкалық The Ring журналы қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлемнің біріктірілген чемпионы Жәнібек Әлімханұлын (17–0, 12 КО) өз рейтингінен алып тастады.
Белгілі америкалық The Ring журналы қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын (17–0, 12 КО) өз рейтингінен алып тастады. Бұған дейін 32 жастағы спортшы дивизиондағы үздік боксшылар тізімінде бірінші орында тұрған.
Басылымның мәліметінше, рейтингтен шығарылуына жақында алынған VADA допинг-тестінің оң нәтижесі себеп болған. Осы шешімнен кейін орта салмақтағы тізім қайта жаңартылып, өзге боксшылар бір сатыдан жоғары көтерілген.
> «Рейтингте көш бастап тұрған Жәнібек Әлімханұлы осы айдың басында тапсырылған VADA допинг-тестінің қолайсыз нәтижесіне байланысты тізімнен алынды. Соның салдарынан қалған боксшылар жоғарылады, ал Хесус Рамос-джуниор алғаш рет рейтингке еніп, 10-орынға тұрақтады», — деп хабарлайды The Ring.
Жаңартылған рейтингте орта салмақтың көшбасшысы атанған — WBC чемпионы, Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамес (24–1–1, 18 КО). Ал үздік үштікті кубалық боксшылар Йоэнлис Эрнандес (8–0, 7 КО) пен Эрисланди Лара (31–3–3, 19 КО) толықтырды.
Айта кетейік, 7 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы Эрисланди Ларамен орта салмақтағы үш чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда қазақстандық боксшының допинг сынамасынан мельдоний табылып, кездесу тоқтатылды. Кейін Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен (36–5, 34 КО) кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Қазіргі уақытта Әлімханұлына қатысты ішкі тергеу жалғасуда. «B» сынамасын қайта тексеру 8 қаңтарға белгіленген. Тергеу нәтижесі шыққан соң, іске құқықтық баға беріледі.