Майамиде өтетін Энтони Джошуа – Джейк Пол жекпе-жегінің қаржылық жағы қызу талқыланып жатыр. Танымал спорт журналисі Ариэль Хельвани екі боксшының да табысы ондаған миллион долларға жетуі мүмкін екенін айтты.
Хельванидің мәліметінше, Джошуа мен Полдың әрқайсысы 40–50 млн доллар аралығында табыс табуы ықтимал. Журналист бұл келісімді «өте тәуекелді, бірақ аса табысты» жоба ретінде сипаттады.
Бірқатар медиа деректерде тараптар 184 млн долларлық қаржыны бөліседі деген ақпарат тарады — яғни әрқайсысына 92 млн доллардан тиюі мүмкін. Дегенмен бұл сандарға ресми растау жоқ. Сондықтан әзірге нарықтағы болжам ретінде ғана қарастырылған жөн.
Кездесу 19 желтоқсанда Майамидегі Kaseya Center аренасында өтіп, трансляциясы Netflix платформасында көрсетілетіні жазылды.
Салыстыру үшін айта кетейік, 2016 жылы Джошуа Чарльз Мартинді жеңіп, алғаш рет әлем чемпионы атанған кезде оның гонорары шамамен 8 млн доллар көлемінде болғаны туралы деректер бар.