Мексикада Асу Алмабаевтың мансабына баға берілді
Отандасымыз UFC-дің бұрынғы екі дүркін чемпионы Брэндон Мореномен айқасады.
Мексикалық TV Azteca телеарнасының ресми сайты UFC-дің ең жеңіл салмақтағы қазақстандық файтері Асу Алмабаевтың деңгейін жоғары бағалап, оның жергілікті жұлдыз Брэндон Мореномен жекпе-жек алдындағы қауіпті қарсылас екенін атап өтті.
Асу Алмабаев пен UFC-дің бұрынғы екі дүркін чемпионы Брэндон Морено арасындағы айқас 1 наурызда Мехикода өтеді. Бұл жекпе-жек UFC Fight Night 269 турнирінің басты оқиғасы болмақ.
TV Azteca материалында қазақстандық файтердің UFC-дегі көрсеткіштері мен болашағына ерекше назар аударылған.
«Асу Алмабаев бұл жекпе-жекке ең жеңіл салмақтағы өсіп келе жатқан жұлдыздардың бірі ретінде келеді. Оның кәсіби рекорды — 23 жеңіс, 3 жеңіліс. Ал UFC-дегі көрсеткіші — 6–1. Наурыз айында Манел Капеден жеңілгеннен кейін, Алмабаев қатарынан екі жекпе-жекте жеңіске жетті. Соның ішінде қарашада Алекс Пересті сабмишенмен ұтты. Бұл нәтиже оған дивизионның үздік ондығында қалуға мүмкіндік берді, қазір ол жетінші орында тұр», — деп жазды басылым.
Қазіргі таңда Асу Алмабаев:
- UFC-дің ең жеңіл салмағындағы топ-10 файтерінің қатарында;
- дивизион рейтингінде 7-орынды иеленіп отыр;
- жеңіс сериясын жалғастыру арқылы титулдық айқасқа бір қадам жақындай алады.